Қазақстанның үздік теннисшісі Италия астанасында WTA 1000 санатындағы беделді турнирдің ширек финалына сенімді түрде жолдама алды, деп хабарлайды penalty.kz.
Рыбакина төртінші айналымда чехиялық теннисші, кезінде әлемдік рейтингтің көшін бастаған Каролина Плишковаға қарсы кортқа шықты. Қазір WTA рейтингінде 130-орында тұрған Плишкова қазақстандыққа айтарлықтай қарсылық көрсете алмады.
Кездесу небәрі 59 минутқа созылып, Рыбакинаның айқын басымдығымен аяқталды — 6:0, 6:2.
Плишковаға қарсы үстемдік
Айта кетейік, Елена Рыбакина мен Каролина Плишкова бұған дейін өзара төрт рет кездескен. Сол матчтардың барлығында қазақстандық теннисші жеңіске жетті. Римдегі ойыннан кейін Рыбакинаның бұл қарсыласқа қарсы нәтижесі одан әрі жақсарды.
Елена Рыбакина Римдегі турнирдің алғашқы айналымынан босатылған. Ол жарысты екінші кезеңнен бастап, грекиялық Мария Саккариді жеңді — 6:4, 6:1.
Одан кейін филиппиндік Александра Эаланы жарыс жолынан шығарды. Бұл матчта қазақстандық теннисші 6:4, 6:3 есебімен басым түсті.
Ширек финалда Свитолина күтіп тұр
Енді Елена Рыбакина Римдегі WTA 1000 турнирінің ширек финалында украиналық теннисші, әлемнің оныншы ракеткасы Элина Свитолинамен кездеседі.
Фото: freetips.com.














