11 тамызда Алматының «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің үшінші сатысындағы Болгарияның «Левски» клубына қарсы қарымта матчын өз алаңында емес, Түркістан қаласында өткізеді.
Айта кетейін, бұған дейін 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда америкалық әнші Канье Уэсттің концерті өтетіні хабарланғаннан кейін «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасы аясындағы өз алаңындағы матчты өткізу үшін басқа стадион іздеуге мәжбүр болды.
Алматының қақ төріндегі Орталық стадион ең алдымен кімге тиесілі? Әлемдік жұлдыздарға ма, әлде өз елінің намысын қорғап жүрген командаға ма?
«Қайрат» – жай ғана футбол клубы емес. Бұл – Алматының, қала берді бүкіл Қазақ елінің бренді, мыңдаған жанкүйердің мақтанышы, Қазақстанның абыройын халықаралық аренада қорғап жүрген ұжым.
Ал дәл осындай маңызды матч қарсаңында өз алаңынан айырылып, басқа стадион іздеуге мәжбүр болуы – клубқа ғана емес, жанкүйерге, қалаға, жалпы ел футболына көрсетілген құрметсіздік.
Концерт өтеді, әнші кетеді. Ал «Қайрат» қалады. Ертең де осы елдің туын көтеріп шығатын – өз футболшыларымыз.
Патриотизм деген – мінберден айтылатын ұран емес. Патриотизм – өз құндылығыңа басымдық беру. Өз клубыңды өз үйінен айырмау. Өз спортшыңды өз алаңынан ығыстырмау.
Әлемдік жұлдызды шақыруға ешкім қарсы емес. Бірақ өз мүддеңді екінші орынға ысырып қойып, өз командаңды «өгейдің күнін» кештіру – дұрыс шешім емес.
«Қайрат» жетім емес. Жетім қалған – ұлттық намыс.
Пікір иесі: Kairat Tarbaev.














