Жарыс ерлер мен әйелдер арасында бір форматта өтіп, Олимпиадаға іріктеудің алғашқы кезеңі болады, деп жазады penalty.kz.
Жарысты өткізу туралы шешімді Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымы бекіткен. Әлем чемпионаты 2027 жылдың сәуір айына жоспарланған.
Астанада алғашқы олимпиадалық жолдамалар беріледі
2027 жылғы әлем чемпионатының басты ерекшелігі — онда Лос-Анджелес Олимпиадасына алғашқы тікелей лицензиялар таратылады. Жалпы Астанада 44 олимпиадалық жолдама сарапқа салынады.
Оның 22-сі ерлерге, тағы 22-сі әйелдерге беріледі. Осылайша Қазақстан астанасындағы турнир төртжылдықтың басты додасына апаратын маңызды жарыстардың біріне айналмақ.
Жалпы боксшылар 14 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Оның жетеуі ерлерге, жетеуі әйелдерге арналған.
Олимпиадаға іріктеу қалай өтеді?
World Boxing мәліметінше, Астанадағы әлем чемпионатынан кейін құрлықтық іріктеу турнирлері өтеді. Бұдан бөлек, 2028 жылы екі қорытынды әлемдік лицензиялық жарыс ұйымдастырылады.
Лос-Анджелес Олимпиадасында бокстан жалпы 224 спортшы өнер көрсетеді. Олар ерлер мен әйелдер арасындағы жеті-жетіден салмақ дәрежесінде медальдарға таласады.
Фото: ru.sputnik.kz.














