Шотландия Премьер лигасында соңғы онжылдықтарда болмаған нағыз драма орын алуда. Эдинбургтің “Хартс” клубы 1960 жылдан бері алғаш рет чемпиондық таққа жақындады. Бұл тарихи сәттің бел ортасында Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков жүр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Маусымның шешуші кезеңі нағыз блокбастерге айналды. Турнир кестесінде көш бастап тұрған Дерек МакИннестің “Хартс” командасы соңғы турда басты қарсыласы — Глазгоның “Селтигімен” кездеседі. Қазіргі таңда “Хартс” қарсыласынан небәрі бір ұпай алда.
Чемпион атану үшін Чесноковтың командасына Глазгоның атақты “Селтик Парк” стадионында жеңілмеу жеткілікті. Алайда Мартин О’Нил жаттықтыратын “Кельттер” өз алаңында алтынды қолдан бермеуге бекініп отыр.
Қысқы трансфер кезінде Шотландияға аттанған Ислам Чесноков жаңа ұжымға сіңісуде. Осы уақытқа дейін ол 9 матч өткізіп, бір гол соғып үлгерген. Енді Қазақстандық футболшының дебюттік маусымында-ақ 64 жыл бойы күткен алтын кубокты басына көтеруге зор мүмкіндігі бар.
Дерек МакИннес (“Хартс” бас бапкері):
“Біз маусым бойы көш бастап келдік және чемпиондыққа лайықтымыз. Бізге тек соңғы қадам қалды. “Селтик” — мықты ұжым, бірақ біз олардан қорықпаймыз. Біз ұпай үшін ойнауды емес, жеңіске жетуді көздейміз.”
Мартин О’Нил (“Селтик” бас бапкері):
“Бұдан бірнеше апта бұрын біздің чемпион болуымыз мүмкін емес болып көрінген. Бірақ менің жігіттерім соңына дейін күресе алатынын дәлелдеді. Соңғы тур — бұл біздің мүмкіндігіміз.”
Шотландия тарихындағы ең маңызды ойындардың бірі екі күннен кейін Глазгода өтеді. Матс Қазақстан уақытымен сағат 16:30-да, Глазгодағы “Селтик Парк” стадионында өтпек.













