Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, қайғылы оқиға 22 шілде күні таңертең болған. Алдын ала ақпарат бойынша, футболшының бұған дейін жүрек ауруына қатысты ешқандай шағымы немесе алаңдатарлық белгілері болмаған. Қазір билік өкілдері оның өліміне нақты не себеп болғанын анықтап жатыр.
Бентанкордың соңғы клубы Deportivo Italiano оның қазасына байланысты көңіл айтып, әсерлі мәлімдеме жасады.
«Біздің ойыншымыз, иә, біздің ойыншымыз Бруно Бентанкор өмірден өтті. “Бола”, сен әрбір гол тойлауында, әрбір құшақтасуда және клубымыздың жүрегінде мәңгі қаласың», – делінген клуб хабарламасында.
Шабуылшы бұған дейін Аргентинаның Deportivo Riestra клубында қаралымнан өткен, алайда тұрақты келісімшартқа қол жеткізе алмаған соң, еліне оралған.
Бентанкор кәсіби мансабында Уругвайдың атақты «Пеньяроль» клубында өнер көрсетіп, негізгі команда сапында 2023 жылы, небәрі 18 жасында дебют жасаған. Сондай-ақ ол Чилидің «Эвертон», Уругвайдың Rentistas, Cerro, Cerrito, БАӘ-нің Al Ain клубтарында доп тепкен.
Оның соңғы командасы Deportivo Italiano болды. Футболшы бұл клуб сапында төрт матч өткізіп, екі гол соғып үлгерген.
Марқұммен қоштасып, «Пеньяроль», «Эвертон», Cerro, Montevideo City Torque клубтары мен Уругвай футболшыларының кәсіподағы көңіл айту хабарламаларын жариялады. Ал оның бұрынғы командаласы Игнасио Соса бала күнгі бірге түскен суреттерін бөлісіп:
«Сені таныған әрбір адам сенің қандай кең жүректі, қандай жақсы жан болғаныңды біледі», – деп жазды.
Фото: x.com/@OficialCAP.














