Статистикалық Flashscore.com порталының бағалауынша, «Қайрат» құрамындағы ең үздік көрсеткіш жартылай қорғаушы Яакко Оксаненге тиесілі. Финляндиялық футболшының ойыны 7,6 балға бағаланды.
Ал Темірлан Анарбеков 6,0 балл жинады. Бұл – «Қайрат» ойыншылары арасындағы ең төмен көрсеткіш.
Еске салайық, Рафаэль Оразбахтин шәкірттері «Левскиге» қарсы алғашқы кездесуде де, қарымта матчта да 0:1 есебімен жеңіліп, екі ойынның қорытындысы бойынша 0:2 есебімен жол берді.
Осылайша, алматылық клуб Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады. Енді «Қайрат» еурокубоктағы өнерін Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде жалғастырады.
Алматылық команданың келесі қарсыласы «Андерлехт» (Бельгия) – ПАОК (Грекия) жұбының жеңімпазы болады. Бірінші кездесуде ПАОК өз алаңында 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Фото: “Қайрат” ФК.














