Футболдан Өзбекстан құрамасы Ферғанада өткен жолдастық кездесуде Иранды 3:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды penalty.kz.
Шомуродов есеп ашты
Кездесу Ферғанадағы «Истиклол» стадионында өтті. Өзбекстан құрамасы ойынның 10-минутында алға шықты. Ирандықтардың қате пасын тиімді пайдаланған Эльдор Шомуродов айып алаңына кіріп, допты қақпаға дәл бағыттады.
Бірінші тайм Өзбекстанның минималды басымдығымен аяқталды. Бірақ үзілістен кейін қонақтар таразы басын теңестірді.
49-минутта стандартты жағдайдан кейін Рамин Резаян мергендік танытты.
Шомуродов дубль авторы атанды
Иран құрамасының қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 58-минутта Өзбекстан пенальти орындау құқығына ие болды. Он бір метрлік соққыны Эльдор Шомуродов сәтті орындап, алаң иелерін қайтадан алға шығарды.
Матчтың негізгі уақытына қосылған төртінші минутта Хусайн Норчаев үшінші голды соғып, кездесудің қорытынды есебін белгіледі.
Фото: Instagram/@uzbekistanfa.














