Мексикалық танымал боксшы, супер орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы Сауль «Канело» Альварес жақын арада Қазақстанға келуді жоспарлап жүр, деп хабарлайды informsports.kz.
Бұл туралы оның спарринг-серіктесі әрі командаласы, кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген қазақстандық файтер Бек Нұрмағанбет мәлімдеді.
Оның айтуынша, ол мексикалық жұлдызға Қазақстан туралы жиі айтып береді.
– Канелоның» өзі де қызығушылық танытып, міндетті түрде қонаққа келетінін уәде еткен, — деді қазақстандық боксшы.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда ғана Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен үлкен бокс кешінде Бек Нұрмағанбет «Канелоның» андеркардында өнер көрсетіп, мексикалық Маркос Васкес Родригесті бірінші раундта нокаутпен жеңген болатын. Осы жарқын жеңісінен кейін отандасымыз IBF рейтингінде үздік бес боксшының қатарына енді.
Фото: Getty Images.














