Той тойлаған жақсы ғой. Бірақ, өткеннен қорытынды жасап, олқылықпен жұмыс жасамасақ, ертең олимпиадада дымсыз қаламыз.
Азия ойындары өтті. Күрес түрлерінен әлем чемпионаты, Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты артта қалды.
Көңіл көншітпейтін тұстар көп. Бөлінген миллиарттаған қаржы бар. Орындалмай қалған міндеттемелер бар. Проблема жетеді. Бірақ, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ.
Енді соларды жеке-жеке талқылап, қазынадан бөлінген ақшаның, үйіп-төгілген уәденің қатаң сұралатын уақыты келді. Кеше Мемлекет басшысының өзі Лос-Анджелес олимпиадасына тыңғылықты дайындалуды тапсырды.
Ол үшін әрекет қазірден басталуы керек.
Айхай-ойхой деп енді бірер күн жүрсек, жаңа жыл жақындайды, демалыстар басталады.
Одан кейін тағы абыр-сабырмен олимпиаданың қалай келіп қалғанын байқамаймыз.
Темірді қызған кезінде соғу керек.
Кез-келген жарыстан кейін, әсіресе, кешенді ойындардан кейін тез қорытынды жасалғаны маңызды. Мемлекеттен бөлінген әр тиынның есебі қайда? Міндетін орындамаған федерацияларға қандай шара қолданылады? Алдағы жоспар мен мақсат қандай?
Тағы бір айта кетерлігі, бұл процесс ашық және жариялы болуы қажет.
Кабинетке қамалып алып, өздеріңе ыңғайлы тілшілерді шақырып алып, бәрін былай-былай шеше салып, қазанның бетін жылы жаба салуға болмайды….
Пікір иесі: Аслан Каженов.














