Маманның сөзінше, отандық промоушендерде танымал спортшылар бір жекпе-жек үшін 50–100 мың долларға дейін таба алады. Алайда нақты төлем әр файтердің деңгейі мен танымалдығына байланысты белгіленеді.
Базров шәкірттерінің гонорарын сұрамайтынын атап өтті. Оның айтуынша, келісімшарттағы қаржылық шарттар — әр спортшының жеке ақпараты.
«Қазақстанда табыс табуға болады. Файтерлер мұндай ақша алып жүр. Бір жекпе-жек үшін ең көбі 50–100 мың доллар табуға мүмкіндік бар. Бұдан жоғары гонорар туралы естіген емеспін. Оның өзінде бұл — өте үлкен сома», — деді жаттықтырушы журналист Иван Резванцевке берген сұхбатында.
Сонымен бірге ол Қазақстандағы гонорарларды UFC-дегі төлемдермен тікелей салыстыру дұрыс емес екенін айтты. Өйткені әлемдегі ең беделді ММА ұйымында қатардағы файтерлер мен чемпиондық белбеуге таласатын спортшылардың табысы айтарлықтай ерекшеленеді.
«UFC-дің жоғары деңгейінде бір жекпе-жек үшін миллиондаған доллар төленеді. Мұндай ақшаны басқа лигаларда табу іс жүзінде мүмкін емес», — деді Базров.
Маман өз командасындағы Фаниль Рафиковтің де алдағы жекпе-жегі үшін жақсы гонорар алатынын жеткізді. Дегенмен оның табысы UFC рейтингіндегі үздік ондыққа кіретін файтерлердің орташа төлемінен төмен болмақ.
Фото: instagram.com/asu_zulfikar57.














