Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 24-турында алматылықтар Семейде «Елімай» қақпасына жауапсыз екі доп соқты.
Кездесудің тағдыры бірінші таймда шешілді. 32-минутында Луиш Мата допты баспен Марк Гуальға бағыттады. Испаниялық шабуылшы мүмкіндігін мүлт жібермей, қонақтарды алға шығарды.
Арада үш минут өткенде футболшылар рөл алмасты. Бұл жолы Гуаль нәтижелі пас беріп, Луиш Мата әдемі соққымен есепті еселеді.
Екінші таймда алматылық команда аз құрамда қалды. 75-минутта Александр Широбоков қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Сан басымдығына ие болған «Елімай» қалған уақытта шабуылды күшейтіп, есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Ал «Қайрат» қорғаныста сенімді ойнап, Темірлан Анарбеков қақпасын «құрғақ» күйде қалдырды.
Фото: instagram/@f.c.kairat.














