Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы УЕФА Суперкубогының жеңімпазы атанды. Зальцбургте өткен шешуші кездесуде париждіктер Англияның «Астон Вилла» командасын 2:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды INFORMSPORTS.
Матчтың 20-минутында Хвича Кварацхелия есеп ашып, ПСЖ-ны алға шығарды. Алайда бірінші тайм аяқталар тұста «Астон Вилла» таразы басын теңестірді. 45-минутта 17 жастағы Маджо мергендігімен көзге түсіп, есепті 1:1-ге жеткізді.
Екінші таймда ПСЖ қайтадан басымдыққа ие болды. 61-минутта Дезире Дуэ Усман Дембеленің пасынан кейін қарсылас қақпасын дәл көздеді. Алғашында төрешінің көмекшісі офсайд белгісін көрсеткенімен, VAR тексерісінен кейін гол есепке алынды.
«Астон Вилла» қалған уақытта есепті теңестіруге бірнеше рет мүмкіндік алды. Алайда ПСЖ қақпасын қорғаған Матвей Сафонов маңызды сәттерде командасын құтқарып, париждіктер жеңісті уысынан шығармады.
Осылайша, ПСЖ 2:1 есебімен жеңіске жетіп, УЕФА Суперкубогын қатарынан екінші жыл иеленді. Париждік клуб бұл турнирде алғаш рет 2025 жылы топ жарған болатын. Ол кезде ПСЖ «Тоттенхэммен» негізгі уақытта 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңіске жеткен еді.
Матвей Сафонов үшін де бұл кезекті ірі жүлде болды. Ресейлік қақпашы ПСЖ сапында бұған дейін Чемпиондар лигасын, Франция чемпионаты мен кубогын және Құрлықаралық кубокты жеңіп алған.
УЕФА Суперкубогы
ПСЖ — «Астон Вилла» — 2:1
Фото: AFP.














