Қазақстандық спорт журналисі Ермұхамед Мәулен қазақ футболындағы талас-тартыстар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Қазір Қазақстан футбол федерациясының төрешілер комитетін, Нуну Каштруды сынау керек болып тұр. Бұлай болып жатқанының басты себебі – Марат Омаров Давид Лорияны қызметінен босатты, бас хатшы ауысты. Бұл – саяси науқан. Мұны бір-бірімізден жасырып, әртіс болудың қажеті жоқ.
Давид Лорияның артында тұрған адамдар көп. Олардың қатарында «Елімайдың» басшысы Асқар Уранхаев бар. Вахид Масудовты «Алтайдың» бас бапкері етіп кім қойды? Міне, сұрақ. Енді Давид Лорияны ҚФФ-дан шеттетіп жатса, олар бұған қарсы шықпай ма? Әр тур сайын төрешіні сынамай ма? Тіпті полицияға шағымданып, төрешіні қамап тастауға дейін барды. Қазақстан құрамасының бас бапкері жұмысынан кететіндей деңгейге жетті. Демек, мұнда бір гәп бар.
Олардың мақсаты – қайтадан жұмысқа келіп, бапкер тағайындап, федерацияның жұмысына араласу шығар, бәлкім. Мүмкін федерацияға жаңа президент тағайындауды көздеп отырған болар. Кезінде «Марат Омаровты біз тағайындадық» деп айқан еді ғой. Енді Омаров солардың өзін жұмыстан шығарып жіберсе, қайтадан президент тағайындайтын шығар, қайтадан сайлау өтетін шығар. Соңғы кездері ҚФФ президенті өзіне тиесілі болған төрт жылды аяқтай алмай, қызметінен кетуде. Сондықтан келесі турда да төрешілерге қатысты дау болады. Өйткені, Марат Омаров қызметінен кетпейінше, ешкімге тыныштық жоқ», – деді Мәулен «Бірінші бол» арнасындағы подкастта.
Давид Лория маусым айының басында Марат Омаровпен «футболды дамытуға қатысты көзқарастарымыз бен өмірлік ұстанымдарымыз сәйкес келмейді» деген себеппен ҚФФ-дан кеткен болатын.
Фотода: Давид Лория (сол жағында) және Марат Омаров (оң жағында).














