Аталған матч нейтралды алаңда – Сербияда өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал, Ирландияның бас бапкері Хеймир Хадльгримссон матчтан кейін болған брифингте израильдік команданы айыптады. Оның сөзінше ойыншылар да, бапкерлік штаб та оның шәкірттеріне психологиялық қысым көрсеткен.
«Менің түсінгенім, олар бізді бірінші минуттан бастап-ақ қорқытып алғысы келді. Мен өз ойыншыларымның арандатуға түсіп қалмағаны үшін қуандым және оларға алғыс айттым», — деді Ирландияның бас бапкері.
Ал, бірінші тайм аяқталғанда Ирландияның физикалық дайындыққа жауапты бапкері Дэмиен Дойл шағымданды. Оның сөзінше, трибуна астындағы коридорда Израиль ойыншысы оған түкірген. Бұл сәт бейнебақылау камерасына да жазылып қалыпты, онда бапкердің «ол маған түкірді» деген сөзі анық естіледі. Ал, Израильдің бас бапкері Ран Бен-Шимон болса бұл уақытта киім ауыстыру бөлмесінде болғандықтан өз шәкіртінің тәртіпсіздігін көрмегенін айтып ақталды. Десе де, ол ойын аяқталғаннан кейін жағдайдың мән-жайын анықтауға уәде берді.
Қос команда арасындағы алауыздық матчқа дейін басталған. Ойын алдындағы баспасөз конференциясында израильдік журналист Ирландия ойыншыларын нәсілшілдікке айыптады. Ал, Ирландия футбол қауымдастығы бұл жайт бойынша тексеру жүргізіп бастағанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Ирландия мен Израиль A конференциясының 3-ші тобында өнер көрсетіп жатыр. Топта 8 ұпаймен Аустрия көш бастаса, Косово мен Ирландия құрамаларында 5 ұпайдан бар. Ал, небәрі 2 ұпай еншілеген Израиль соңғы төртінші сатыда келеді.
Фото: Getty Images.














