Халықаралық футбол федерациясы әлем чемпионатында қолданылатын офсайдты анықтаудың жаңартылған технологиясын таныстырды. Жаңа жүйе төрешілердің шешім қабылдау уақытын қысқартып, ойын барысындағы даулы сәттерді азайтуға бағытталған, деп жазады penalty.kz.
Футболшылардың 3D-аватарлары жасалады
ФИФА әлем чемпионатына қатысатын барлық 1248 футболшының цифрлық моделін жасайды. Турнирге қатысатын 48 құраманың әрқайсысындағы 26 ойыншы арнайы сканерлеуден өтеді. Нәтижесінде жасанды интеллект негізіндегі 3D-аватарлар құрылып, офсайд сәттерін көрсету кезінде нақты әрі түсінікті анимациялар пайдаланылатын болады.
Жаңартылған жүйе тек офсайдпен шектелмейді. Футбол федерациясы гол соғылар алдында доптың алаңдағы қозғалысын анықтайтын технологияны да мақұлдады. Арнайы датчик орнатылған доп соңғы болып кімнің жанасқанын анықтап, бұрыштама немесе басқа да шешімдерді қабылдау кезінде VAR төрешілеріне қосымша мәлімет береді.
Жарақат қаупін азайту көзделген
Федерация өкілдерінің айтуынша, жаңа технология ойыншылар мен жанкүйерлердің наразылығын азайтып қана қоймай, қауіпті эпизодтардың алдын алуға да көмектеседі. Мысалы, 2025 жылы “Ноттингем Форест” шабуылшысы Тайво Авоньи офсайд белгісі кеш көтерілген соң қақпа бағанасына соғылып, ауыр жарақат алған. Осындай жағдайларды болдырмау үшін жүйе офсайдты мүмкіндігінше ерте анықтауға бағытталған.
Фото: Getty Images.














