Маусым аяқталуына небәрі үш тур қалғанда командалар арасындағы бәсеке күшейді, деп жазады penalty.kz.
Қазақстан Премьер-лигасының 28-туры тартысты матчтарға, күтпеген нәтижелерге және төрешілердің даулы шешімдеріне толы болды. Турдың басты оқиғаларының бірі – «Қайраттың» соңғы минуттарда жеңіс голын соғып, «Ордабасының» чемпиондықты мерзімінен бұрын рәсімдеуіне мүмкіндік бермеуі.
«Бірінші бол» подкастының жаңа шығарылымы ҚПЛ-дегі соңғы турдың қорытындысына арналды.
Маусым аяқталуына небәрі үш тур қалғанда командалар арасындағы бәсеке күшейді. Аутсайдерлер де фавориттерге айтарлықтай қарсылық көрсетті.
Подкаст резиденттері әр кездесуге жеке тоқталып, командалардың ойынын, турнирлік жағдайын және төрешілердің даулы шешімдерін талқылады.
«Ордабасы» чемпиондыққа қаншалықты жақын?
Негізгі сұрақтардың бірі – «Ордабасы» чемпиондық мәселесін іс жүзінде шешіп қойды ма?
Шымкенттік клуб турнир кестесінде алда тұрғанымен, «Қайраттың» соңғы минуттардағы жеңісі чемпиондық интриганы кем дегенде тағы бір турға сақтап қалды.
Сонымен қатар шығарылымда «Қайраттың» маусым соңында неге әлсірегені де талқыланады.
«Астана» үшінші орыннан айырылып қалуы мүмкін бе?
Подкаста «Астананың» күтпеген ұпай жоғалтулары да сөз болды.
Команданың қазіргі қарқыны жалғаса берсе, елордалық клуб үшінші орын үшін күресте қиындыққа тап болуы мүмкін.
«Ақтөбе» келесі маусымда чемпиондыққа таласа ма?
«Ақтөбенің» болашағы да жеке тақырып болды. Команданың қазіргі әлеуеті мен құрамына қарап, келесі маусымда чемпиондыққа таласуға қаншалықты дайын екені сараланды.
Сонымен қатар, шығарылымда «Тобылдың» маусым басындағы тұрақсыз ойыны да сөз болды.














