АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынас әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Соған қарамастан, матчтарының басым бөлігі АҚШ аумағында өтетін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына Иран құрамасы қатысуға рұқсат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Bild-ке сілтеме жасап.
Иран құрамасы үшін турнир бірқатар қиындықтармен байланысты болмақ. Атап айтқанда, виза рәсімдеу, қауіпсіздік шараларының күшеюі және Мексиканың Тихуана қаласындағы оқу-жаттығу базасынан АҚШ-тағы ойындарға қатынау мәселелері бар. Дегенмен команда әлем чемпионатына қатысуға ниетті.
Сондай-ақ АҚШ пен Иран құрамалары өзара кездесуі де мүмкін. Мұндай матч саяси ахуалға байланысты ерекше назар аударатыны сөзсіз. Егер екі құрама да өз топтарында екінші орын алса, олар 3 шілдеде Техас штатындағы Арлингтон қаласында өтетін 1/16 финалдық кездесуде жолығады.
Әлем чемпионатының 104 матчының 78-і АҚШ-та өтеді. Ойындар Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Нью-Йорк/Нью-Джерси, Филадельфия, Сан-Франциско және Сиэтл қалаларында ұйымдастырылады. Турнирге 5 миллионнан астам жанкүйер келеді деп күтіледі. Қалған матчтарды Канада мен Мексика қабылдайды.
Фото: fifa.com.














