Қазақстан Премьер-лигасында келесі маусымнан бастап бір турдың ойындарын екі күнге сыйғызбай, жұма мен дүйсенбі аралығында өткізу мәселесі қарастырылып жатыр, деп жазады penalty.kz.
Инсайдер Елдар Аманбаевтың мәліметінше, тур матчтары үш-төрт күнге бөлінуі мүмкін. Сонымен қатар әр кездесуге бөлек басталу уақыты белгіленіп, ойындарды бір мезгілде өткізбеу жоспарланып отыр.

Қазір ҚПЛ турлары әдетте сенбі және жексенбі күндері өтеді. Бір күндегі бірнеше матчтың уақыты жиі қабаттасады: кейде екі-үш кездесу қатар басталады. Мұндай жағдайда жанкүйерлер турдағы барлық ойынды тікелей эфирден көре алмайды.
Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының жаңа бас хатшысы Скотт Манн да матч уақытын қайта қарау қажет екенін айтқан. Оның пікірінше, ойындарды әртүрлі уақытта бастау көрермендерге көбірек матч көруге мүмкіндік береді.
ҚПЛ кестесіне қатысты өзгерістер әзірге ресми бекітілген жоқ.
Фото: instagram/@pflkaz.














