Қайғылы жағдай 14 қазан күні Аргентинаның Морон қаласында болды, деп жазады penalty.kz.
Аргентиналық әйгілі боксшы, WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Хорхе Кастро 59 жасында өмірден өтті.
Қолда бар мәліметке сәйкес, Кастро қызымен бірге жергілікті бинго орталығында жүрген кезде кеуде тұсынан қатты ауырсыну сезінген. Оған шұғыл көмек көрсетіліп, реанимациялық шаралар жасалғанымен, спортшының өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
144 жекпе-жек өткізіп, 130 рет жеңіске жетті
Хорхе Фернандо Кастро 1967 жылғы 18 тамызда Аргентинаның Санта-Крус провинциясындағы Калета-Оливия қаласында дүниеге келген.
Ол кәсіпқой бокста 1987 жылы дебют жасап, мансабын 2007 жылы аяқтады.
Кастро рингте барлығы 144 жекпе-жек өткізіп:
- 130 рет жеңіске жетті;
- 90 нокаут;
- 11 рет жеңілді;
- 3 кездесу тең аяқталды.
Бұл көрсеткіш оны кәсіпқой бокста ең көп жеңіске жеткен және нокауттары көп спортшылардың қатарына қосты.
WBA чемпионы атанды
Кастроның мансабындағы басты жетістік – WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы.
Бұл белбеуді 1994 жылғы 12 тамызда америкалық Реджи Джонсонды жеңіп иеленді.
The Ring «Жыл жекпе-жегі» деп таныған айқас
Хорхе Кастроның мансабындағы ең есте қалған жекпе-жектердің бірі 1994 жылғы 10 желтоқсанда Мексиканың Монтеррей қаласында өтті.
Ол әлем чемпионы белбеуін екінші рет қорғау кезінде Джон Дэвид Джексонмен кездесті.
Жекпе-жек барысында есеп бойынша ұтылып жатқан және көз маңынан ауыр жарақат алған Кастро тоғызыншы раундта қарсыласын нокаутқа түсірді.
Кейін The Ring журналы бұл кездесуді жылдың үздік жекпе-жегі деп таныды.
Рой Джонс пен Роберто Дюранға қарсы шыққан
Кастро мансабында әлем боксының бірнеше танымал өкілімен қолғап түйістірді.
Олардың қатарында:
- Рой Джонс-жуниор;
- Терри Норрис;
- Роберто Дюран бар.
Роберто Дюранмен екі рет кездесіп, біреуінде жеңіске жетсе, екіншісінде қарсыласына жол берді.
1995 жылы чемпиондық атағынан айырылғаннан кейін де аргентиналық боксшы мансабын жалғастырып, кейін ауырлау салмақ дәрежелерінде өнер көрсетті.
Фото: sports24.kz.














