Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Премьер-лига клубтарына тәртіп бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 4,41 миллион теңге айыппұл салды. Жазаланған командалардың қатарында «Алтай», «Жеңіс», «Каспий» және «Ақтөбе» бар, деп жазды INFORMSPORTS.
Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті 2026 жылғы 25 қыркүйектегі отырысында ел чемпионатының 6, 25 және 26-турларындағы матчтарға қатысты шешімдер қабылдады.
Тәртіптік жазалар жанкүйерлердің пиротехника қолдануы, стадиондағы қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, матчтардың кеш басталуы, ойыншылардың көп ескерту алуы және өзге де оқиғаларға байланысты тағайындалған.
Ең ірі айыппұлдардың бірі «Алтайға» салынды. Клуб «Қайсарға» қарсы кездесуде жанкүйерлерінің файер қолданғаны үшін 60 АЕК, ал бес футболшысының сары қағаз алғаны үшін тағы 100 АЕК төлеуге міндеттелді. Жалпы айыппұл — 160 АЕК. Сонымен қатар қақпа торының бүлінуіне байланысты ойынның үш минут кеш басталғаны үшін клубқа ескерту жасалды.
«Жеңіс» те 160 АЕК көлемінде айыппұл арқалады. «Ақтөбемен» өткен матчтың бес минутқа кеш басталғаны үшін 60 АЕК, бес ойыншысының ескерту алғаны үшін 100 АЕК айыппұл белгіленді.
«Каспийге» де 160 АЕК айыппұл салынды. Команда жанкүйерлерінің «Қайратқа» қарсы матчта балағат сөздер айтқаны үшін 60 АЕК төлейді. Ал «Ақтөбемен» кездесуде пиротехника қолдану, матчтың ресми тұлғасын қорлау және дрон ұшыру фактілері үшін тағы 100 АЕК айыппұл тағайындалды.
«Ақтөбе» клубына жалпы 120 АЕК айыппұл салынды. Оның 60 АЕК-і «Жеңіспен» ойынның кеш басталуына, қалған 60 АЕК-і көрермендердің алаңға шығуына байланысты қауіпсіздік талаптарын қайталап бұзғаны үшін берілді.
«Жетісу», «Қызылжар» және «Ертіс» клубтарының әрқайсысына 100 АЕК көлемінде айыппұл белгіленді.
«Жетісу» «Ертіске» қарсы матчта төрт футболшысының сары қағаз алуына, бас бапкерінің ескерту алуына және бір ойыншысының алаңнан қуылуына байланысты жазаланды. Сонымен қатар Сержан Мужиков қарсыласын гол соғудың айқын мүмкіндігінен айырғаны үшін бір матчқа шеттетілді.
«Қызылжар» төрт ойыншысы мен бас бапкер көмекшісінің ескерту алуына байланысты айыппұл төлемек.
Ал «Ертіс» пен «Оқжетпес» арасындағы кездесу жедел жәрдем көлігінің уақытында келмеуінен тоғыз минут кеш басталған. Осы жағдай үшін павлодарлық клубқа 100 АЕК айыппұл салынды.
Сондай-ақ «Оқжетпес», «Қайсар» және «Ордабасы» клубтарына 60 АЕК-тен айыппұл тағайындалды.
«Оқжетпес» жанкүйерлерінің файер қолданғаны үшін жазаланса, «Қайсар» матч аяқталғаннан кейін бөгде адамдардың алаңға шығуына және жанкүйерлердің дауыс зорайтқыш пайдалануына байланысты айыппұл алды.
«Ордабасы» мен «Астана» кездесуінде алаң маңында бөгде адамдар мен мотоциклдердің болуы, сондай-ақ жанкүйерлердің дыбыс күшейткіш құрылғыларды қолдануы тәртіп бұзушылық ретінде тіркелді.
«Астанаға» ақшалай айыппұл салынған жоқ. Алайда «Елімаймен» матчқа жедел жәрдем көлігінің кеш келуіне байланысты ескерту берілді.
ҚФФ шешіміне сәйкес, клубтар барлық ақшалай айыппұлды 2026 жылғы 25 қазанға дейін төлеуге тиіс.
Федерацияның мәліметінше, тәртіптік шаралар ҚФФ-ның қолданыстағы тәртіптік регламентіне сәйкес қабылданған.
Фото: ҚФФ.














