19 жастағы шабуылшы Артур Деграф мюнхендік «Баварияның» қосалқы құрамымен АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Сол қапталда ойнайтын вингер Америка Құрама Штаттарындағы жаттығу лагерінен кейін Германияға оралды. Футболшы мюнхендіктер сапында екі жолдастық кездесуге қатысты. Оның бірі – MLS-тің экс-чемпионы «Лос-Анджелеске» қарсы өтті.
«Екі ойында да баға жетпес тәжірибе жинадым және бапкерге сенім артқаны үшін алғыс айтамын – басқа ешкімде мұншалықты көп ойын тәжірибесі болмаған шығар. АҚШ-тың топ-футболшыларына қарсы ойнап, өзімді сынап көргеніме қуаныштымын», – деді Деграф ASnews.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында.
«Баварияның» ресми өкілдері есепті жарияламады, алайда алаң иелері сапында 33 жастағы Сон Хын Миннің өнер көрсеткені белгілі. «Тоттенхэмнің» бұрынғы көшбасшысы «Лос-Анджелеске» былтыр жазда ауысқан болатын.
Деграф – Германияға қоныс аударған репатрианттардың ұлы. Оның әкесі Қазақстанның Қарағанды облысында, ал анасы Абай облысында дүниеге келген. Ойыншының өзі футболдағы жолын Биберах қаласында бастаған. Бұл қала әлемге Марио Гомес пен Лорис Кариустай футболшыларды сыйлаған.
2025 жылдың шілдесінде шабуылшы «қызыл-ақтармен» үш жылдық келісімшартқа отырды. Бұған дейін ол «Равенсбург» және «Ульм» сияқты командалардың намысын қорғаған.
Аймақтық біріншіліктегі 17 матчта Деграф бес нәтижелі әрекетімен көзге түсті. Ол Германияның жасөспірімдер құрамасында әзірге ойнаған жоқ.
Фото: Артур Деграф.














