Дереккөздің мәліметінше, Виктор Мозес «Қайсар» сапында айына шамамен 8 миллион теңге жалақы алады. Ал оның жылдық табысы 160 мың АҚШ долларына жуық болады.
Виктор Мозес кәсіби футболдағы мансабын Англия Чемпионшипінде «Кристал Пэлас» клубында бастаған. Кейін «Уиган Атлетик» құрамына ауысып, 2010 жылы Англия Премьер-лигасында дебют жасады. 2012 жылы ол Лондонның әйгілі «Челси» клубымен келісімшартқа қол қойды.
Әр жылдары нигериялық хавбек «Ливерпуль», «Вест Хэм», «Фенербахче», «Интер» және Мәскеудің «Спартак» клубтарында өнер көрсетті. Оның соңғы клубы «Лутон Таун» болды. Бұл команда сапында Чемпионшипте 18 матч өткізіп, бір гол соқты.
Жалпы мансабында Виктор Мозес 495 ойынға қатысып, 62 гол және 47 нәтижелі пас авторы атанған. Нигерия ұлттық құрамасы сапында 38 матч өткізіп, 12 гол соғып, 5 голдық пас берген.
Айта кетейік, Англия Премьер-лигасының чемпионы Виктор Мозес «Қайсар» клубына 24 қаңтарда ресми түрде ауысты. Ол бұған дейін «Челси» құрамында Англия Премьер-лигасы мен Англия кубогын жеңіп алған.
Сондай-ақ бұған дейін «Ақтөбе» клубы Португалия құрамасының және «Манчестер Юнайтед» командасының бұрынғы ойыншысы Нанимен келісімшарт жасасқанын хабарлаған болатын. Ол ҚПЛ тарихындағы ең жоғары жалақы алатын футболшы атанбақ.
Фото: ФК «Қайсар».














