Биатлоннан 2025-2026 жылғы маусымдағы әлем кубогы кезеңдерінің нәтижесінде Қазақстан командасы 4 квотаға қол жеткізді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
— Сәйкесінше, Милан-Кортина ойындарында елімізден 2 ер, 2 әйел сынға түседі. Осы тұста аталған жолдама жекелей спортшыға емес, Ұлттық федерацияға берілгенін айта кеткен жөн. Италияға нақты кімдердің баратынын жақында Қазақстан құрамасының бапкерлер кеңесі жариялайды, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Қазір Қазақстан еншісінде келесі спорт түрлерінен лицензия бар:
Конькимен жүгіру спорты (12 лицензия) — Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко.
Шорт-трек (9 лицензия) — Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан.
Мәнерлеп сырғанау (2 лицензия) — Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина.
Олимпиада лицензиясына қатысты қорытынды ақпарат қаңтардың аяғында белгілі болады. XXV қысқы олимпия ойындары Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.
Фото: Туризм және спорт министрлігі.














