Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 48-ракеткасы, америкалық Дженсон Бруксбимен өткізді.
Жылды Гонконг турниріндегі чемпиондық атақпен бастаған А.Бублик бұл жолы бірінші партияда 2:0 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.
Екінші сет те осындай бағытта өрбіді – 6:4. Үшінші, партияда Бублик тағы да 2:0 есебімен алға шыққанымен, Бруксби таразы басын теңестіре алды – 2:2.
Дегенмен есеп 4:4 болған мезетте Бублик тағы бір брейкке қол жеткізді. Сосын матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Екі сағат 4 минутқа созылған бәсекеде А.Бублик 12 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Бруксби 4 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 55-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен таласады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 47-ракеткасы, аргентиналық Камило Уго Карабельиді жолдан тайдырды – 7:6 (7:5), 6:1, 6:2.
Бублик үшінші айналымға өтсе, әлемнің 22-ракеткасы, италиялық Флавио Коболлимен кездесуі мүмкін еді. Алайда Ф.Коболли бүгін күтпеген жерден әлемдік рейтингіде 185-орындағы америкалық Артур Фериден ұтылып қалды – 6:7 (1:7), 4:6, 1:6.
Сондықтан А.Бублик барынша сәтті ойнаса, қаржылай табысқа қоса рейтингілік ұпай қорын да толықтыра алады.
Қазақстандық теннисші өткен жылы алғашқы айналымнан аса алмаған болатын.
Фото: ҚТФ.














