Түсінеміз, дәл қазір деңгейіміз FIFA рейтінгінде 52-орында тұрған құрамамен бірдей емес.
Әйтсе де, Адиевтің тұсындағыдай, тайталасып көруге болушы еді. Бірақ Черчесов мырза жаза басты. Норвегия құрамасымен ойнағанда, қорғанысымыздың топсасын берік ұстаған үштікті бұзды.
ӘҚМ (АКМ) — Әліп, Қасым, Марочкин үштігі Холландтың адымын аштырмап еді. Осы, өзі құрған тәп-тәуір үштікті… өзі бұзды. Әлібек Қасымның орнына Сергей Малыйды шығарды.
Бас бапкер бұл жерде, Малыйдың бойшаң екендігін ескерген секілді. Ол түсінікті. Бойы 2 метрге жуық Беньямин Шешкоға «екінші қабатта» да тосқауыл құру керек. Әуелеп келген доптарды басымен ұрғызбауды ойлады.
Бірақ Шешко әккі екен. Әуелі «а-ля» Месси стилінде біздің қорғанысымызды бұзып-жарып өтіп, «шашып» кетті. Дәл осы жерде Малыйдың бойы мүлде қажет болмай қалды. Көп ұзамай, айып алаңымызда ойнақ салып, екінші голды да салды.
Болды! Ойын тағдыры осы екі доппен-ақ шешілді. Екінші таймда Черчесов ӘҚМ үштігіне қайта оралды. Әлібек Қасым сенімін ақтаған сияқты. Кемі бір-екі рет алаң иелерінің шабуылын тойтарды.
Алайда, Шешко тағы тақырға отырғызып кетті. Үшінші голды басымен салды. Мына суретке қараңыздаршы, біздің қақпашы қолымен де оның басындағы допқа жете алар емес.
Сөйтіп, Холланд пен Эдегорға дес бермей, «оңай шағылатын жаңғақ» емес екенбіз деп, масаттанып жүргенімізде, мына бар болғыр, Шешко шемішкеше шағып кетті…
Айтпақшы, кеше Люблянадағы «Стожице» стадионының жасыл желегі саз-батпақты болмаса да, соған жетеқабыл болғандай. Доп көгалдың бетімен жөндеп сырғымайтындай, алысқа жетпейтіндей болып көрінді. Мүмкін, мұндай ойында алаңға Бауыржан Исламханды шығару керек пе еді?!
Нұрғазы Сасаев.