Туризм және спорт министрлігі 2026 жылға арналған мәдени-туристік оқиғалар күнтізбесін дайындады. Құжатта еліміздің 20 өңірінде өтетін 55 ірі іс-шара қамтылған.
Күнтізбе ішкі туризмді дамытуға, туристік бағыттарды кеңейтуге және өңірлік брендтерді қалыптастыруға арналған. Іс-шаралар мәдени, этномәдени, спорттық, гастрономиялық және экологиялық салаларды қамтиды. Бұл туристерге жеке қызығушылықтары мен маусымдық ерекшеліктерін ескере отырып, сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жоспарланған іс-шаралардың көпшілігі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Мұндай шаралар өңірлерге деген қызығушылықты арттырып, оқиғалар күн тәртібінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобалардың басым бөлігі бизнес өкілдерінің қатысуымен немесе демеушілігімен ұйымдастырылады. Бұл оқиғалы туризмді бюджетке қосымша жүктеме түсірмей дамытуға бағытталған.
Туристерге ыңғайлы болу үшін www.event.qaztourism.kz веб-ресурсы әзірленіп, онда іс-шараларды күні, өңірі, санаты және ауқымы бойынша жылдам әрі ыңғайлы іздеуге мүмкіндік бар.
2026 жылға арналған күнтізбе – Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын орындау аясындағы шаралардың бірі. Бұл бастама оқиғалы туризмді жүйелі дамытуға, өңірлердің туристік ерекшелігін арттыруға, қолайлы цифрлық шешімдерді енгізуге және Қазақстан бойынша саяхаттардың тартымдылығын жоғарылатуға бағытталған.
Фото: Туризм және спорт министрлігі.














