Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшісі сержант Еламан Қуатов ересектер арасында 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әуесқой аралас жекпе-жектен (AMMA) Азия чемпионы болды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
5-12 қаңтар аралығында Қытай Халық Республикасының Луджоу қаласында өткен әуесқой аралас жекпе-жек бойынша Азия чемпионатына құрлықтың үздік спортшылары қатысты.
Сержант Еламан Қуатов турнир барысында жоғары спорттық деңгейін танытып, чемпион атанды.
Қазақстандық әскери қызметші чемпионатта үш кездесу өткізді. Бірінші айналымда ол Тайпей өкілін жеңсе, екінші кездесуінде Қытай спортшысын қапы қалдырды. Финалда Өзбекстаннан келген қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Айта кетерлігі, бұл – Қазақстан Қарулы күштері тарихында әуесқой аралас жекпе-жек бойынша Азия чемпионатынан алған алғашқы алтын медаль. Еламан Қуатовтың жеңісі отандық әскери спорттың дамуына жаңа серпін берді.
Фото: Қорғаныс министрлігі.














