Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 20-орындағы чехиялық Каролина Муховамен сынға түсті.
Қарсыластар осыған дейін екі рет кездескен еді. Есеп тең – 1:1.
Бұл жолы бірінші партияны Мухова қос брейкпен өз есебіне жазды – 6:2.
Есесіне екінші сетте Рыбакина 3:1 есебімен алға кетті. Сосын тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте Рыбакина қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Бұдан кейін Мухова матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Екі сағат 4 минутқа созылған үш сеттік бәсекеде Рыбакина 9 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Мухова 3 эйс, 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
К.Мухова финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе рейтингіде 7-сатыдағы америкалық Мэдисон Киздің қай жеңгенімен таласады.
Фото: sports.kz.














