Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Түркістан облысында осы жылдың алғашқы оқу-жаттығу жиынына кірісті. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.
Оқу-жаттығу жиыны 25 қаңтарға дейін жалғасады. Бұл — наурыз айында Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына дайындықтың алғашқы кезеңі.
— Барлық аймақтан жиналған 50 спортшы жиырма күн бойы физикалық және функционалдық мүмкіндіктерін арттыруға көңіл бөледі. Сондай-ақ күш пен төзімділіктің жалпы көлемін жинақтауға және алдағы жарыстарға қажетті жүктеме базасын қалыптастыруға еңбектенеді, — деп жазылған хабарламада.
Бокстан Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Улан-Батор қаласында 28 наурыз бен 11 сәуір аралығында өткізіледі.
Айта кетсек, Махмұд Сабырхан World Boxing ұйымының үздік боксшысы атанды.
М.Сабырхан 2001 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін 2023, 2025 жылдары әлем чемпионы болса, 2021 жылы күміс жүлдегер атанды. 2022 жылы Азия біріншілігінде екінші орын алса, 2024 жылы осы құрлықтық доданың чеммпионы болды.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы.














