BI Group компаниясы инклюзивті спорт орталығының құрылысын аяқтады. Бұл Қазақстандағы бірегей спорттық-реабилитациялық нысан. Орталық әртүрлі физикалық мүмкіндіктері бар адамдарға бейімделген. Ол Астана қаласында Хусейн бен Талал және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан.
Инклюзивті спорт орталығы – елдегі спорттық дайындық, оңалту және әлеуметтік бейімдеу бір жерге біріккен жалғыз нысан. Мұнда физикалық дайындық деңгейі мен денсаулық жағдайына қарамастан спортпен айналысуға бәріне тең мүмкіндіктер жасалған.

Орталықта бочча, волейбол, баскетбол, голбол және гандболға арналған әмбебап спорт залы, арнайы тренажерлармен жабдықталған зал, сондай-ақ қосымша инфрақұрылым бар. Ол қозғалысы шектеулі адамдарға бейімделген киім ауыстыру бөлмелері, тұтқалары бар душ және санитарлық тораптар, демалыс бөлмелері мен буфет. Спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуі және тұруы үшін 6 бөлмеден тұратын қонақжай қоры қарастырылған.

Орталықтың жабдықталуына ерекше көңіл бөлінген. Орталық сирек әрі мамандандырылған реабилитациялық жабдықтармен қамтылған. Олардың қатарында жаттығу мен қалпына келтіруге арналған цифрлық зертхана, оңалтатын тренажерлар, жүгіретін жол бар мобильді аспалы жүйелер, бағалау жүйелері, кинезотерапияға арналған үстелдер және роботтандырылған вертикализаторлар бар. Жабдықтар тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға, мүгедектер арбасын пайдаланушыларға, сондай-ақ параспортшыларға арналған.
Жоба жалпы дизайн қағидаттары бойынша жүзеге асырылды: орталықтың барлық аймақтары қолжетімді, негізгі бағыттарда баспалдақтар жоқ, 22 бейімделген санитарлық торап пен душ, кең өткелдер, қауіпсіз жабындар, бірден түсінікті навигация және қозғалысы шектеулі адамдарға қолайлы эвакуациялық шешімдер қарастырылған. Бұл келушілерге орталық аумағында өз бетімен жүруге мүмкіндік береді.

Жоба жетекшісі Ерлан Асабаевтың айтуынша, орталықты жобалау барысында BI Group командасы тек нормативтік талаптарға ғана емес, спортшылардың практикалық тәжірибесіне де сүйенген.
«Жобалау кезеңдерінің барлығында біз Бочча федерациясының өкілдерімен, паралимпиадалық спортшылармен және жаттықтырушылармен тұрақты диалогта болдық. Жоспарлау, залдардың өлшемдері, қозғалыс логистикасы, жабындарға, жабдықтарға және қосалқы аймақтарға қойылатын талаптар егжей-тегжейлі талқыланды. Жобадағы көптеген шешімдер осы консультациялардың нәтижесі. Біздің мақсатымыз тек қолжетімді ғимарат салу емес, спортшылар ешқандай ыңғайлылық пен қауіпсіздік тұрғысынан толыққанды жаттығып, қалпына келіп және жарыстарға дайындала алатын барынша функционалды әрі практикалық орталық құру болды», – деді Асабаев.

Фото: BI Group.













