Бүгін Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған ауқымды жиын өтті. Алқа отырысына Президент Әкімшілігінің өкілдерінен бастап, спортқа жауапты федерациялар мен облыстық спорт басқармалары басшылары түгел қатысты. Жиналыс барысында министр Ермек Маржықпаев аймақтардағы жұмыстың өте салғырт жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Әсіресе, ұлттық құрамаға резервті ең алдымен сол өңірлер беруі қажет. Яғни, талантты балаларды іздеп тауып, дайындығына қажетті жағдай жасап, ең мықты дегендерін ел намысын қорғауға жол ашу маңызды. Облыстарда бұл жұмыс ақсап тұр. Өкініштісі сол, бұған бас қатырып жатқандары да шамалы. Тіпті, кей аймақтарда спортқа мүлде қатысы жоқ адамдар жетекшілік етеді. Басқаша айтқанда, басқармалар әбден босаңсып, әркім өз білгенін істеп жүр.
Жергілікті әкімдіктер өздеріне ыңғайлы бағыттарға ғана (әсіресе, олимпиадалық емес) ақшаны аямай бөліп, медальді үйіп-төгіп әкеледі. Сол арқылы есептер беріледі. Сол арқылы спорттық атақтар таратылады. Ал, олимпиада сияқты нағыз сын сағаты келгенде ештеңесіз отырады. Париждегі жазғы ойындарға бірде-бір лицензия алмаған өңірлер бар. Аймақтардағы спорттық жетістіктердің жалпы динамикасы жыл өткен сайын төмендеп барады.
Негізі спортқа бөлінетін ақшаның басым бөлігі осы өңірлерде. Бірақ, ол тиімді пайдаланылып жатқан жоқ. Бұған қоса, жемқорлық факторлары жиі кездеседі. Оны да айта кету керек деді министр. Өкініштісі сол, аталмыш спорт басқармалары министрлікке бағынбайды. Яғни, оның басшыларын әкім тағайындайды және сол әкімдік айтқанымен ғана жүреді. Салдарынан, бүкіл қазақ спорты зардап шегіп жатыр.
Қысқасы, алдағы уақытта осы басқарма басшыларына қойылатын талаптар күшейтіледі және Париждегі олимпиада қорытындысы бойынша біраз шенді азамат қызметінен кетеді. Олардың орнына қолынан нақты іс келетін, бойында мінезі, жігері және адалдығы бар, рушылдық, жершілдік және жағымпаздықтан ада, айналып келгенде, ел игілігіне жұмыс жасайтын азаматтарды қою қажет.
Менің жеке ойым, сол басшыларды тікелей министрлік қою қажет немесе министрліктің мақұлдамасымен қойылу қажет. Сонда жауапкершілік ортақ болады және, сәйкесінше, нәтиже де болады…
Аслан Каженов.