Қазақстанда футбол маусымы аяқталды. Өкінішке қарай, кей футболшы ойынымен емес, сәтсіздігімен есте қалды, деп жазады penalty.kz.
Қазақстан премьер-лигасының 2025 жылғы маусымы өз мәресіне жетті. Жетістіктер жоқ емес. Бірақ сәтсіздіктер де аз емес. Осы ретте Sports.kz осы маусымда ең көп сынға ұшыраған бес ойыншы ұсынды.
5-орын — Вячеслав Швырев («Ордабасы» / «Ақтөбе»)
14 матч, 0 гол, 0 пас
Өткен жылы «Қайратпен» чемпион атанған Швырев биыл екі клубта — «Ордабасы» мен «Актобеде» ойнап үлгерді. Бірақ нәтиже — нөл. Не гол, не ассист жоқ. Жиі алаңға шыққанымен, шабуылдағы белсенділігі мардымсыз.
Көзге түсетін статистикасы — 3 сары және 1 қызыл қағаз. Бір сөзбен айтқанда, былтырғы чемпион енді формасын жоғалтқан ойыншылардың қатарында.
4-орын — Жоао Паулиньо («Ордабасы»)
17 матч, 2 гол, 1 пас
Кабо-Верде елінен келген легионерге де барынша үміт артылған еді. Шабуыл шебін күшейту үшін сатып алынған болатын. Бірақ Паулиньо өз әлеуетін көрсете алмады. Екі голының екеуі де соңғы турлардың бірінде тіркелді. «Оқжетпеске» қарсы матчта соққан добы команданың тағдырына еш әсер етпеді. Дәл осындай әлсіз шабуыл әлеуеті Шымкент ұжымының чемпиондық амбициясын да жойды.
3-орын — Кипрас Казуколовас («Астана»)
17 матч, 7 «құрғақ» ойын
Өткен маусымда «Астананың» сенімді тірегі атанған литвалық қорғаушы биыл өзін көрсете алмады. Казуколовас бірнеше рет өрескел қателік жіберіп, «Тобыл» мен «Ордабасы» секілді қарсыластарға қарсы матчтарда командасына ұпай жоғалттырды.
Ал сырт алаңда «Лозаннаға» қарсы матчтағы сәтсіз ойыны «Астананың» еурокубоктан ұшуына әсер етті. Тамызда алған ауыр жарақаты — айқас байламдарының үзілуі — қорғаушыны келесі маусым басынан шеттетеді.
2-орын — Никита Корзун («Ақтөбе»)
20 матч, 1 гол, 1 пас
Былтыр «Елімайда» нағыз көшбасшы болған Корзун биыл екі командада өнер көрсетті. Бірақ ешбірінде лидер бола алмады. Өткен жылы гол соғып, пас беріп, орталықта ойынды басқарған жартылай қорғаушы биыл қорғанысқа көбірек шегінді. Тек маусым соңында аздап қалыпқа келгенімен, 2024 жылғы формасына қайта орала алған жоқ.
1-орын — Әділет Садыбеков («Қайрат»)
12 матч, 1 пас
23 жасында Қазақстан құрамасына шақырылған Садыбеков үшін бұл маусым — ең ауыр кезең болды. 23 жастағы ойыншы 2024 жылы ауыр жарақат алып, бір жыл футболсыз қалды. Биыл алаңға қайта оралғанымен, бар болғаны 481 минут ойнады. Соңғы жеті турда тек екі рет алаңға шыққан. «Қайраттың» Чемпиондар лигасына да қатысқанын ескерсек, бұл — сәтсіздік. Бұрын команда көшбасшысы болған таланттың орнын жастар мен легионерлер басып кетті.
Фото: Vesti.kz.














