Алматының Орталық стадионында бүгін «Қайрат» пен «Пафос» командалары арасында матч өтеді.
УЕФА Чемпиондар лигасының аясында өтетін ойынға билеттер бір апта бұрын сатылымға шықса да, жартысынан азы сатылды. Іріктеу кезеңіндегі «Селтик» пен топтық кезеңдегі «Реал Мадридке» қарсы ойында билеттер санаулы сағаттарда сатылған еді.
«Реал Мадрид» командасымен ойында билеттердің бағасы 250 мыңнан 30 мыңға дейін болды. «Пафосқа» қарсы матч алдында да билеттер бағасы осы аралықта қалған. Тек 30 мыңдық және 75 мыңдық сектор мен орындар саны көбейген. Бірақ мұндай баға отандық жанкүйерлер арасында наразылық тудырды. Әлеуметтік желіде адамдар Кипр командасы келетін ойын үшін билет тым қымбат екенін жазып жатыр. Тіпті, алматылық клубтың бұл әрекетіне наразылық білдіру үшін аталған ойынға байкот жариялауды ұсынғандар да болды.
Қазір Орталық стадионның 11, 52, 42 және қонақ команданың жанкүйерлеріне арналған секторларда билет жоқ.
Қалған секторлардың ешқайсысында билеттер толық сатылмаған. Тек әр тұстан 30 мыңдық орындар, біршама 75 мыңдық орындар және санаулы 150-250 мыңдық орындар бүгінге дейін өткен.
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Қайрат» ойыншысы Еркін Тапалов «билеттердің сатылмауына байланысты бос трибуналар ойыншыларға қалай әсер етеді» деген сұраққа жауап берді.
— Бұл біздің ойынымызға еш әсер етпейді. Біз қолдау қандай болса да, жеңуге тырысамыз. Чемпиондар лигасында жеңіске жетіп, тарих жасағымыз келеді. Барымызды саламыз. Бізді қолдайтын нағыз жанкүйерлер келеді деп үміттенеміз, — деді ол.
Фото: Kazinform.