Қазақстанның бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Елена Рыбакина Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александровамен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Осыған дейін қарсыластар төрт рет кездесіп, соның үшеуінде Е.Александрова басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партия ресейлік спортшының пайдасына шешілді – 6:3.
Екінші сетте Рыбакина бет қаратпады – 6:0. Содан кейін үшінші сетте 3:0 есебімен алға шықты.
Бәсеке барысында Елена қатарынан тоғыз геймді өз есебіне жазды. Ақыры матчты брейкпен бітірді – 6:2.
Бір сағат 58 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 11 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Александрова 2 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Е.Рыбакина биыл екінші титулына қол жеткізді. Бұдан бұрын ол Страсбург (Франция) WTA 500 жарысында үздік шыққан еді.
Рыбакина дүйсенбі күні басталатын Токио (Жапония) WTA 500 додасында екінші ракетка болып тіркелген. Ол екінші айналымда әлемнің 27-ракеткасы, канадалық Лейла Фернандес немесе рейтингіде 55-сатыдағы грекиялық Мария Саккаридің қай жеңгенімен кездеседі.
Қазақстандық теннисші Токиода жартылай финалға дейін жетсе, қараша айында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін жылдың қорытынды турниріне жолдама алады.
Фото: ktf.kz.