Қазақстанның бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Елена Рыбакина Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінде бақ сынайды.
Аталған жарыста 3-ракетка болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 24-орындағы канадалық, 19 жастағы Виктория Мбоко немесе одан 6 саты төмен тұрған украиналық Даяна Ястремскаяның қай жеңгенімен ойнайды.
Елена Рыбакина өткен аптада Қытайдағы Ухань WTA 1000 додасының ширек финалында әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкоға 3:6, 3:6 есебімен жол берген еді.
Сауд Арабиясында қараша айында өтетін жылдың қорытынды турнирінде WTA чемпиондық кестесінде алғашқы сегіздікке енген теннисшілер жолдама алады.
Кеше жаңартылған чемпиондық кестеде Елена Рыбакина 3 913 ұпаймен 8-ден 9-орынға сырғыды. Ал Уханьда жартылай финалға дейін жеткен италиялық Жасмин Паолини 4 131 ұпаймен 8-сатыға көтерілді.
Елена Рыбакинаның жылдың қорытынды турниріне ілігу-ілікпеуі алдағы жарыстарды қалай өткізетініне байланысты.
Әлемнің 8-ракеткасы Жасмин Паолини Нинбода екінші айналымда рейтингіде 31-сатыдағы ресейлік Вероника Кудерметовамен шеберлік байқасады.
Нинбо додасы 19 қазанда мәресіне жетеді. Өткен жылы мұнда аустралиялық, түбі ресейлік Дарья Касаткина үздік шыққан.
Фото: ҰОК.