Алматы қаласында заманауи «Алатау» теннис орталығы ашылды.
Жаңадан ашылған «Алатау» кешені — Алматыдағы ірі теннис орталығы.
Аталмыш нысан қаланың спорттық инфрақұрылымының деңгейін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар кәсіби теннисшілерді даярлау, халықаралық турнирлерді өткізіп, жастарды спортқа тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Орталық кәсіби теннисшілер мен барлық жастағы әуесқойлар жаттығуын, сондай-ақ түрлі деңгей мен санаттағы турнирлерді өткізуге бағытталған. Оқыту үдерісіне білікті бапкерлер тартылған.
Орталықтың ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, сондай-ақ кәсіби теннисшілер, Almaty Arena стадионында 11-19 қазан аралығында өтіп жатқан Almaty Open АТР 250 турниріне келген Даниил Медведев, Карен Хачанов, Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев және Флавио Коболли қатысты. Теннисшілер балалармен шеберлік сағатын өткізіп, жаңа теннис орталығы аумағында ағаш отырғызды.
— Жаңа теннис орталығы біздің қаламыздың дамып жатқан ауданы үшін маңызды спорт нысаны болды. Ол жас спортшыларды даярлайтын, сондай-ақ ұлттық және халықаралық жарыстарды өткізетін алаңға айналады. Бұл Алматының әлемдік спорттық қауымдастық алдындағы беделін көтеріп қана қоймай, қаламыздың одан әрі дамуына септеседі, — деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.
Нысан Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен пайдалануға берілді.
Жаңа теннис орталығы оңтүстік астананың халық көп қоныстанған Алатау ауданында орналасқан. Заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген орталық халықаралық талаптарға сай келеді.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов «Алатау» теннис орталығының маңыздылығын атап өтті.
— Инфрақұрылымға құйылған инвестиция теннисті көптеген қазақстандықтар үшін қолжетімді спорт түрі етуге жәрдемдеседі. «Алатау” теннис орталығы – әлемдік деңгейдегі талаптардың арқасында спорттың бұқаралық сипат алуының айқын көрінісі. Күні бүгін Қазақстанда 30 мыңнан астам бала тенниспен тұрақты жаттығады. Осы спорт түрімен айналысушылар қатарын көбейтіп, қазақстандықтар арасында салауатты өмір салтын орнықтыру – федерацияның стратегиялық мақсаттарының бірі, — деді ол.
Фото: Қазақстан теннис федерациясы.