Петропавл қаласында заманауи, жабық үлгідегі футбол манежі салынатын болды, деп жазады penalty.kz.
Нысанның сыйымдылығы — 5 мың көрерменге дейін. Құрылысты Береке шағынауданында жүргізу жоспарланған.
Жобаның бастамашысы — белгілі кәсіпкер Сергей Кан, ол Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы «Елдің ең ықпалды 50 бизнесмені” рейтингінде 32-орын алған.
Кәсіпкер тек манежбен шектелмей, сонымен қатар футбол академиясын да салмақ. Бұл орталықта Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген жасөспірім ұлдар мен қыздар бірдей жағдайда жаттығу мүмкіндігіне ие болады.
Бұған дейін Петропавлда «Жеңіс” спорт мектебінің футбол алаңы жаңартылып, ҚФФ-ның ALAÑ бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өткен болатын.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтарында қалада болған ірі өрт салдарынан бұрынғы жалғыз жабық манеж толық жойылып, тек металл қаңқасы ғана қалған еді.
Фото: ашық дереккөздерден.