Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің кейінге қалдырылған ХХІV-турының соңғы ойыны өтті.
Бұл турды «Қайрат» (Алматы) пен «Жетісу» (Талдықорған) командалары түйіндеді.
Кездесу барысында алматылық клуб белсенді ойын көсретті. Алғашқы кезеңде қарсылас қақпасына төрт гол соғып үлгерді.
Алдымен 9-минутта алматылық клубтан Дастан Сәтпаев пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Одан кейін Жоржиньо 19, 35, Эдмилсон 43-минутта басымдықты арттырды.
Кездесу нүктесін 90-минутта Азамат Тұяқбаев қойып, «Қайрат» қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
Бұл турдағы өзге ойындарда 27 қыркүйекте Жезқазғанның «Ұлытауы» өз алаңында «Атырауға» 1:5 есебімен есе жіберсе, астаналық «Жеңіс» Түркістанның «Тұранын» 6:3, «Ақтөбе» петропавлдық «Қызылжарды» 1:0 есебімен жеңді.
Ал 28 қыркүйекте Қостанайдың «Тобылы» қызылордалық «Қайсарды» 1:0, елордалық «Астана» «Оқжетпесті» 2:1 есебімен жеңіп. семейлік «Елімай» Шымкенттің «Ордабасы» командасын 2:1 есебімен сүріндірді.
Енді алдағы тур ойындары 17, 18, 19 қазан күндері өткізіледі.
Фото: Kazinform.