Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХХІІІ-турының екінші ойын күні аяқталды. Бұл күні алматылық «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады.
Кездесу жанкүйерлер тарапынан ерекше қызығушылық туғызды. Алматылық клуб биыл бас жүлдеге таласып жатса, ақтөбелік команда үздік үштіктен көрінуді көздейді.
Алғашқы минуттан алаң иелері ойын тізгінін қолда ұстауға күш салды. Қарсыластар қақпасына жиі шабуылдап, жылдам гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Дегенмен олардың қарсыластары қарымта шабуылға шығуға көңіл бөлді. Осындай сәттердің бірінде әуелете келген допқа тосқауыл қоюға әрекеттенген «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков жарақат алып қалды. Оны жас футболшы Шерхан Қалмырза алмастырды.
Айта кетсек, алматылық клубтың негізгі қақпашысы Александр Заруцкий жарақатына байланысты кейінгі ойындарға қатыса алмай жүр.
Бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Екінші кезеңде «Қайрат» шабуылға қарқын қосып, басымдықты арттыра түсті. Осындай сәттердің бірінде алматылық шабуылшы Дастан Сәтпаев өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Осылайша алматылық клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, маңызды үш ұпайға ие болды. Олар турнир кестесінде 49 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.
Фото: sports.kz.