Алматының «Қайраты» УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі плей-офф раунды аясында өткен шешуші матчта шотландиялық «Селтикті» сенсациялық түрде жарыс жолынан шығарды, деп жазады Аладоп.kz.
Алматылықтардың басты қаһарманы — қақпашы Темірлан Анарбеков болды. 22 жастағы голкипер ойын барысында бірнеше қауіпті соққыны қайтарып қана қоймай, пенальти сериясында үш бірдей 11 метрлікті сәтті тойтарды. Оның сенімді ойыны команданы жеңіске жетелеп, тарихи жетістікке жеткізді.
Нәтижесінде «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бұл қазақ футболы үшін үлкен жетістік әрі жаңа белес болып отыр.
Алайда Шотландияда бұл нәтиже үлкен наразылық тудырды. Глазголық клуб жанкүйерлері әлеуметтік желілерде басшылық пен команданың ойынына қатты сын айтты:
«Бүгін кешке «Селтик Паркта» наразылық акциясы өтті. Толық күйреу. Біз бұған лайық емес едік. Әлсіз ойын. «Селтик», тәуекел етудің қажеті бар ма? Командаға жаңадан келген ойыншыларға жаным ашиды. Тіпті біз дербиді ұтсақ та, өкінішке қарай, кейбіреулер оны жалғыз ғана жетістік пен амбицияның көрсеткіші ретінде бағалайды. Бұл – шотландиялық футбол үшін қайғылы күн. «Қайратты» құттықтаймын. Біз бұдан да үлкен нәрсеге лайық едік. «Кельттерге» оянатын уақыт жетті.
Басшылық Роджерске көп қаржы жұмсады, бірақ оның қайта оралғанынан бері ақша дұрыс игерілмей, Эндждің әлдеқайда аз бюджетімен жасағанынан да нашар команда құрылды. Елестетіп көріңіздерші, сіз «Бораттың командасынан» жеңілесіз. Әбден әділ жеңіліс… Бірақ қарсылас шынымен де керемет команда екені дәлелденді.
Жанкүйерлер наразылық білдіріп отыр, себебі «Селтикте» ешқандай прогресс жоқ. Олардың жанкүйерлері шынымен ойланып көрді ме екен: мүмкін, бұл команда онша мықты емес шығар? Ескі құрам, бұрынғы менеджер және менмендікке салынған басшылық. Шотландиялық футбол тас дәуірінде қалып қойғандай, еуропалық аренада ешқандай амбиция да, өрлеуге деген құлшыныс та жоқ екені қынжылтады.
Бұл жағдай – директорлар кеңесі мен Дермоттың өршілдік танытпағаны үшін жазасы. Мен клуб қаржылай шығынға батсын деп үміттенемін, сонда ғана олар түсінеді: ішкі біріншілікте тоқырау жалғаса берсе, әлемдік футбол нарығының көлеңкесінде қала береміз. Ал енді 20 жылдан кейін бір инвестор келіп, «Абердин» секілді басқа клубты сатып алып, аз қаржы құйып-ақ шотландиялық футболды толықтай билеп-төстейтін күн туады. Егер сақ болмасақ, болашақта бәсекеге қабілетсіз болып қаламыз. Мұндай басқарылатын құлдырау талай рет қайталанған…»
Осылайша, бір жағынан қазақстандық футбол тарихындағы ең үлкен жетістік тіркелсе, екінші жағынан Шотландияда күйреу мен сынның толқыны басталды.
Фото: «Селтик» ФК.