«Аладоп.кз» сайты танымал маман Асқар Қожабергеновпен хабарласып, «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин туралы пікірін сұраған екен.
Отандық бапкер өзінің әріптесі жайлы жылы лебіз білдіріп, болашағынан үлкен үміт күтетінін тілге тиек етті.
— Асқар Сейдахметұлы, «Қайраттың» жетістігінде бас бапкерінің рөлі ерекше деп ойлаймыз. Әріптесіңіздің жұмысын қалай бағалайсыз?
— Рафаэль Уразбахтин өзінің деңгейін былтыр ҚПЛ-ді ұтып дәлелдеп қойған. Қазіргі жұмысы да көз алдымызда. «Олимпиядан» бастап әр жеті сайын ойын өткізіп келе жатыр ғой. «Олимпиямен» екі матч, «КуПС-пен» де екі ойын, «Слованмен» де соншама рет жолықты. Мынау жетінші кездесуі «Селтикпен» болды. Ең бастысы – команданы физикалық жағынан да, тактика тұрғысынан да және өте маңыздысы, психологиялық жағынан да осы ойындарға жақсылап дайындағанына куәміз. Иә, халықаралық деңгейдегі тәжірибесі әлі көп емес. Бірақ, осы матчтарда біраз дүниені түйгені анық. Рафаэль Уразбахтин соның пайдасын алдағы уақытта көреді деп сенемін.
«Қайрат» — «Селтик» арасындағы ЧЛ плей-офф кезеңіндегі қарымта ойын бүгін 21:45-те басталады. Шотландиядағы матч 0:0 болып аяқталған еді.
Фотода: Рафаэль Уразбахтин «Қайрат» ФК бас бапкері.