World Boxing ұйымының аясында өтетін алғашқы әлем чемпионаты – қазақ боксының қазіргі деңгейін айқындайтын басты сын болмақ. Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін арада 13 ай өткенде, еліміздегі нөмір бірінші спорт түрінде қаншалықты оң өзгеріс бары анықталады. Сонымен қатар боксшыларымыздың Өзбекстан құрамасымен бәсекеге қабілеттілігі де сыналмақ.
Қазақстан құрамасының тізімі:
50 кг: Санжар Тәшкенбай
55 кг: Махмұд Сабырхан
60 кг: Бейбарыс Жексен
65 кг: Ертуған Зейнуллинов
70 кг: Төрехан Сабырхан
75 кг: Сабыржан Аққалықов
80 кг: Нұрбек Оралбай
85 кг: Бекзат Нұрдәулетов
90 кг: Сағындық Тоғамбай
+90 кг: Айбек Оралбай
Англиядағы шаршы алаңға төрт бірдей әлем чемпионы қатысады: 2023 жылы Ташкентте топ жарған Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай, сондай-ақ 2019 жылғы Екатеринбургте топ жарған Бекзат Нұрдәулетов. Бұған қоса, Азия чемпиондары Сағындық Тоғамбай мен Айбек Оралбай, Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы Сабыржан Аққалықов және « «Странджа кубогы» мен Bangkok Open турнирінде үздік атанған Төрехан Сабырхан бар.
Әлсіз тұстар
Бір қарағанда азулы көрінген құраманың осал тұстары да жоқ емес. Саптағы ең жас боксшы Төрехан Сабырханды қоспағанда, қалған салмақ дәрежелерінде тұрақты нәтижеге қол жеткізіп жүрген боксшылар жоқтың қасы.
Естеріңізде болса, Санжар Тәшкенбай 2024 жылғы Азия чемпионатының финалында Шодияржон Меликузиевтен жеңілді.
Махмұд Сабырхан маусымда Эйндховен турнирінде сәтсіздікке ұшырады.
Бейбарыс Жексен Азия біріншілігінің ширек финалында тәжік қарсыласына есе жіберді.
Ертуған Зейнуллинов Астанадағы Әлем кубогында үздік шыға алған жоқ.
Нұрбек Оралбай сол турнирдің финалында жеңіліс тапты.
Сағындық Тоғамбай да Әлем кубогында мүдірді.
Айбек Оралбай «Странджа кубогы» турнирінде Жахонгир Зокировтен ұтылса, ал Астанадағы турнирде даулы шешімнің арқасында ғана италиялық Ленциді жеңді.
Салыстырмалы түрде үш салмақта ғана тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген боксшылар бар: Сабыржан Аққалықов, Бекзат Нұрдәулетов және Төрехан Сабырхан. Алайда Төреханның ересектер сынында тәжірибесі аз, бұған дейін небәрі үш турнирге қатысқан. Жанкүйерлер Бекзаттың Токио Олимпиадасында алғашқы айқастағы сәтсіздігін әлі ұмыта қойған жоқ. Ал Сабыржанның туған жерінде жаттығу залына кіре алмай жүргенін бұған дейін жазғанбыз.
Қорытынды
Әрине, мұның бәрі уайымға салынуға себеп емес. Өйткені әлем чемпионаты – жан-жақты дайындықты қажет ететін мүлде басқа деңгейдегі турнир. Негізгі мақсат – боксшыларды бабында апару. Былғары қолғап шеберлеріміздің бұған дейінгі сәтсіздіктері үлкен жеңістің алдындағы сүріну болса игі. Сөйте тұра әлемдік деңгейде тұрақты өнер көрсетіп жүрген боксшыларымыздың аздығы ойландырмай қоймайды. Бұл Ливерпульдегі басты сын сәтінде шешуші рөл ойнауы әбден мүмкін.
Фото: ҰОК.