Бүгін елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан (WT) Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирі ресми басталды.
Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енген бұл турнир үш жас санатын қамтиды — жасөспірімдер, жастар және ересектер. Жарыстың жалпы жүлде қоры 15 808 000 теңгені құрайды.
Байрақты додаға Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ елдері және бейтарап мәртебедегі (AIN) 750-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен әлемдік рейтинг көшбасшылары бар.
Айта кетерлігі, Kazakhstan Open 2025 – елімізде соңғы сегіз жылда өтетін алғашқы G-1 деңгейлі халықаралық турнир. Бұған дейін мұндай жарыстар 2015 жылы Алматыда және 2017 жылы Атырауда өткен болатын.
Турнир жаңартылған халықаралық ережелерге сай, KPNP K-2 жүйесі арқылы өткізіледі. Қазақстанда алғаш рет спортшылардың соққыларын дәл әрі әділ тіркеуге арналған KPNP компаниясы ұсынған жаңа электронды қолғаптар қолданылады.
Жарыстың бірінші күнінде ересектер бақ сынауда. Қазақстан құрамасының сапынан ел намысын қорғап жатқан спортшылар: Батырхан Төлеуғали, Самирхон Абабакиров, Азиза Караджанова, Нодира Ахмедова, Тамирлан Тлеулес, Айдана Сүндетбай, Жавохирхон Исламов, Мария Севостьянова, Рита Бакишева, Нұрай Құсайнова, Бейбарыс Қаблан.
Қазақстан таэквондо федерациясының президенті Құдірет Шәмиев елімізде 75 мыңға жуық адам таэквондо спортымен айналысатынын айтқан болатын.
Фото: Қазақстан таеквондо федерациясы.