Бокстан кем дегенде екі алтынды күтіп едім, ақталмады. Токиодан соң, әлем чемпионатында жарқ етіп шықты да сөнді. Өзге елдер дайындалып сабақ шығарды, бiз мадақтамаға алданып, маңызды жарыстың деңгейіне мән бермедiк. Бұл Олимпиадада бас бапкердiң қатесі емес, спортшылардың дайын еместiгi. Бапкер жинал, бар өнеріңдi көрсет деп жатқан жан айқайын естіп тұрып, боксшылар «счёт қанша?» деп сұрап тұрған, ұрсып жатқан бапкерге ақталып жатқан боксшылар үміттi сөндiрдi. Өзбек боксшыларына тәнті болдым, бапкерлерi сөйлеп жатқанда үндемей тыңдап тактиканы орындап жатыр. Бұл спорт ойындарында күштен бөлек, әдістер де маңызды екенін көрсетті. Қырғыз боксшысы өзбек ағайынның бапкерiн тыңдап финалға жетті.
Осы Олимпиадаға спортшылардан артық адамдардың барғанына қынжылдым. Көп сарапшылардың айтқаны рас. Психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын емес екенiмiздi көрсетті.
Бiзде атойлатып дүркін чемпион шығатын спортшылардың жоқтығына қынжылдым. Кубанын палуаны Михаи Лопес ақшадан да жоғары елдің намысын биік қойды, тарих жазды, 5 дүркін олимпиада чемпионы болды. Бiзде ше, өкінішті әрине… Өзбек бауырлар таэквондо мен Бокстан дүркіндерді жазды, жаза береді де.
Олимпиада қарсаңында жүріп әлемде атой салған спортшылардың бүгінгі таңда керексіз болғанына күйіндiм. Сын түзелмей, мiн түзелмейдi. Бұрынғы Олимпиада, әлем чемпиондарының басын бiрiктiрiп, ақыл мен кеңестің арқасында ел намысын биік қоюды, сол саланың майталмандарын бір араға біріктірудi үйрене алмадық. Головкиннiң Сметовке де көп нәрсеге сенбе дегенi де сол шығар. Жиров ел асып кетті, оны баптаған Апачински деген тренердi ұмыттық, Ибрагимов саясатқа араласып кетті, Сарсекбаев пен Артаевты сынға ала бастадық, Елеусiновты екі дүркін болады ма деген үміт болды. Оның да дәуірі жақындап келеді. Ильиндi жаттықтырған, Болтаев Токиода Өзбекстанға алтын алдырды, бұл жолы да ауыр атлетикадан алтын алуы мүмкін. Ойланатын жағдай көп…
Халық 4 жылда келетін бұл спорт түрінен күнде жоғарыдан елдің туын көргiсi келеді. Сол арқылы рух жинайды, чемпиондарымен мақтан тұтып, бастарын тiк ұстап жүргісi келеді. Сол үшін ренiш білдіреді, төрешілерден де, қарсыластан да бір бас жоғары тұрғанды көрудi қалайды. Артық айтып, кем шыққан жерімiз көп.
Әр адам өз түйгенiн жазады. Бұл да менiң Олимпиадаға жасаған азаматтық ой-пiкiрiм. Бiр алтынды мicе тұтып қалатын сияқтымыз, 3 күнде жоғары жүлде түссе нұр үстіне нұр. Лос-Анжелес ойындарына жаңа қырдан көрiнетiн намысшыл, жалынды спортшылар қатысып көк байрағымызды биікке көтереді деп үміттенем.
Нұрдәулет Медеуов.