Сауд Арабиясының вице-чемпионы – «Әл-Хиляль» клубы ұлттық Суперкубокқа қатысудан ресми түрде бас тартты. Эр-Риядтық команданың мәлімдемесі клубтың ресми сайтында жарияланды, деп жазады penalty.kz.
Команда клубтық әлем чемпионатынан кейін шаршаған
Клуб мәлімдемесінде келесідей түсініктеме берілген:
“Бұл жазда біздің команда Сауд Арабиясының намысын клубтық әлем чемпионатында қорғап, ширек финалға дейін жетті. Алайда Сауд Арабиясы Суперкубогының жеребесі дәл сол уақытта – 19 маусымда өтті. Турнир аяқталғаннан кейін әуе рейстерінің шектелуіне байланысты командамыз Орландода тағы үш күнге қалып қойды”, – делінген ресми хабарламада.
Осының салдарынан футболшылардың демалыс уақыты қысқарып, маусым алдындағы дайындық кешікті. Медициналық тексерулер барысында ойыншылардың қатты шаршағаны және бұлшықет жарақаты қаупі жоғары екені анықталған.
Суперкубокта кімдер ойнайды?
Сауд Арабиясы Суперкубогына төрт команда қатысады:
- Ел чемпиондары мен Кубок иегері — “Әл-Иттихад”
- Про-Лиганың үздік командалары — “Әл-Наср”, “Әл-Кадисия” және “Әл-Ахли”
“Әл-Хиляльдің” бас тартуы бұл тізімге “Әл-Кадисияны” қосуға мүмкіндік берді.
Фото: sportbox.ru.