Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 6-турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
15 наурызда ақтаулық «Каспий» өз алаңында «Түркістан» командасын қабылдады. Кездесу барысында ақтаулық командадан Бауыржан Байтана 25, Мирас Тұрлыбек 45, 68, Нұрғайни Бөрібаев 71-минутта төрт гол соқты.
Осылайша «Каспий» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 15 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.
Өткен турда ақтаулық клуб өз алаңында «Алтайға» (1:2) есе жіберіп қойған еді.
Сондай-ақ бүгін алматылық AKAS өз алаңында «Екібастұзды» 2:0 есебімен жеңсе, Түркістан облысының «Жетісайы» мен Павлодардың «Ертісі» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Енді 16 наурызда «Алтай» (Өскемен) мен «Қайрат-2» (Алматы), «Академия Оңтүстік» (Шымкент) пен «Хан тәңірі» (Алматы), «Тараз» бен «SD Family» (Алматы), «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ақтөбе-2» кездеседі.
Фото: ҚФФ.