Боранбаевтың айтуынша, былтыр Алматыға корольдік клуб келгенде Перестің жолы түспеген. Сондықтан бұл жолы ол «Қайрат» қожайынын өзі қонаққа шақырыпты.
Қайрат Боранбаев УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитетінің екінші вице-төрағасы. Осы ұйымның жұмыстарымен ол бүгінде Испания астанасында жүр.
«Содан бір күннен кейін «Реал Мадрид» – «Сельта» матчында болдым. Президентпен футбол туралы әңгімелестік, ол маған KAIRAT 1 деп жазылған футболка сыйлады. Мұнда кім «бірінші нөмір» екенін білмеймін: мен бе, әлде «Қайрат» футбол клубы ма. Менің ойымша, екінші нұсқа. Бірақ футболканы өзіме қалдырамын», — деп жазды Боранбаев өзінің Instagram-парақшасында.
Еске салайық, «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының былтырғы маусымында топтық кезеңге дейін жетіп, өз алаңында мадридтік «Реалмен» кездескен болатын. Аталған матч 0:5 есебімен қонақтар пайдасына шешілді.
Фото: Қайрат Боранбаевтың Instagram-парақшасынан.














