Қазақстан әйелдер құрамасы Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатының алғашқы күнінде төрт спортшысынан айырылды, дейді penalty.kz.
Төрт қазақстандық дзюдошы да жарысты алғашқы белдесуде аяқтады
48 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан сынға түскен Айнар Сейтжанова Өзбекстан өкілі Лазиза Хайдаровамен кездесті. Белдесу өзбекстандық спортшының иппонмен жеңісімен аяқталды.
Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Айзат Наукенова Үндістан өкілі Ангел Ядавқа жол берді. Наукенова үш «шидо» алып, жеңіліс тапты.
52 келіге дейінгі салмақта Нұрбала Зайнұл испаниялық Марта Осеспен белдесті. Кездесуде қарсыласы екі «юко» ұпайын иеленіп, қазақстандық дзюдошының жарыстағы жолын тоқтатты.
Ал 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Зарина Мурадасыл Жапония өкілі Кана Маедамен кездесті. Белдесудің тағдырын бір «юко» шешті. Осылайша, Мурадасыл да әлем чемпионатын алғашқы айналымнан кейін аяқтады.
Нәтижесінде жарыстың бірінші күнінде Қазақстан әйелдер құрамасының төрт өкілі де жүлде үшін таласты жалғастыра алмады.
Фото: sportarena.kz.














