Футболдан Еуропа чемпионатындағы «А» тобының топтық кезеңдері аяқталды. Шотландия құрамасы бар болғаны 1 ұпай жинап, жарысты аяқтады.
Соңғы турда Германия мен Швейцария құрамалары 1:1 есебімен тең ойнады. 28-минутта Дэн Ндойе есеп ашып, швейцариялықтарды алға шығарды. Ойын аяқталар тұста Никлас Фулкруг есепті теңестірді. Осылайша немістер 7 ұпаймен өз тобында бірінші орын алды. Екінші жолдаманы 5 ұпай иеленген Швейцария құрамасы жеңіп алды. 3 ұпай жинаған Венгрияның да аздаған мүмкіндігі бар.
Венгрия Шотландияға қарсы өткен маңызды кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жеңіс голын ойын аяқталар тұста Кевин Ксоботч соқты. Осылайша мажарлық футболшылар алғашқы 3 ұпайын алса, Шотландия жарыспен қош айтысты.
Бүгін түнде «В» тобындағы құрамалардың ойыны өтеді.