Әлемдік рейтингте 79-орында тұрған Путинцева алғашқы партияда 6:7 (1:7) есебімен жеңіліп қалғанымен, кейін ойын тізгінін қолға алып, келесі екі сетте 6:3, 7:5 есебімен басым түсті. Кездесу 2 сағат 51 минутқа созылды.
Матч барысында қазақстандық теннисші бірде-бір эйс жасамады және бір рет қос қате жіберді. Сондай-ақ 16 брейк-пойнттың жетеуін сәтті пайдаланды. Ал Сонмез төрт рет қос қате жіберіп, тоғыз брейк-пойнттың бесеуін жүзеге асырды.
Екінші айналымда Путинцева ресейлік Диана Шнайдермен кездеседі. Бұған дейін екі теннисші өзара екі матч өткізіп, екеуінде де қазақстандық спортшы жеңіске жеткен.
2023 жылы Путинцева Осакадағы турнирде Шнайдерден басым түссе, 2025 жылы Аделаидадағы WTA 500 санатындағы жарыстың ширек финалында тағы да жеңген.
Фото: Reuters.














